89 жасқа қараған шағында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, режиссер, профессор Асанәлі Әшімұлы Әшімов дүние салды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қаралы хабарлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Халық әртісі, қазақ және әлемдік театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімұлы Әшімовтің өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады. Асанәлі Әшімұлы ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға болды. Оның сахна мен экранда жасаған көркем бейнелері, режиссерлік және педагогикалық қызметі отандық өнер тарихында айрықша орын алады. Марқұмның жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болғай, – деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада өмірге келген.
1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
«Қазақфильм» киностудиясына актер болып еңбек жолын бастаған.
1963 жылдан бастап М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамында әрі режиссерлік қызметте болды.
Асанәлі Әшімов – қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі.
Марапаттары:
1973 жыл — «Атаманның ақыры» фильміндегі ролі үшін К. Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
1974 жылы — Театрдағы жұмыстары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
1978 жылы — Қазақ КСР халық әртісі
1980 жылы — КСРО халық әртісі
2000 жылы — Кино өнеріндегі еңбегі үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы
2001 жылы — Отан» ордені
2002 жылы — Жамбыл облысының құрметті азаматы
2003 жылы — «Қазақы оқиға» фильміндегі ролі үшін 1 «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі лауреаты
2007 жылы — «Құрмет» ордені
2007 жылы — Әлемдік кинодағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық Академиясының «Алтын қыран» ордені.

















