Семей қаласы Абай атындағы театрда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Кеш барысында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, оның қазақ әдебиетіндегі орны мен еңбегі туралы айтылды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли Қабдеш Жұмаділовтің ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Оның айтуынша, жазушы шығармаларында тарихи әділеттілік, атамекенге деген сағыныш, елдік пен еркіндік идеялары терең көрініс тапқан.
Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады», «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Дарабоз» секілді туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алды. Ал ұлт тағдыры мен қазақ көшінің тарихын арқау еткен «Соңғы көш» дилогиясы қаламгер шығармашылығының биік белесі саналады, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек сөз сөйлеп, жазушының отбасы мүшелері мен оқырмандарына ізгі тілегін жеткізді.
Қаламгердің мерейтойына орай өңірде бірқатар рухани-мәдени шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Үржар ауданында «Дәуіріміздің дарабоз жазушысы» атты ғылыми-практикалық конференция өтсе, облыстық Абай кітапханасында «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Әдеби-сазды кеш аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған театрландырылған қойылым сахналанып, Қазақстанның халық әртістері Секен Тұрысбек пен Майра Ілиясова, дәстүрлі әншілер Еркін Шүкіман мен Дінисламбек Жайлаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Айта кетейік, Қабдеш Жұмаділов ұзақ жылдар бойы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында және Мемлекеттік баспалар комитетінде қызмет атқарып, қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосты.














