Бүгін, 5 қазан – Ұстаздар күніне орай Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Шаһар басшысы құттықтауында ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша маңызын атап өтіп, мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін айтты, деп хабарлайды Tura18.kz сайты.
Ұстаздық – терең білімді, зор жауапкершілікті және үлкен жүректі талап ететін мәртебелі мамандық. Сіздердің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың өмірден өз орнын табуына қосып жүрген үлестеріңіз орасан, – деді Семей қаласының әкімі.
Әділет Қожанбаев ұстаз еңбегінің ең үлкен нәтижесі – шәкірт жетістігі екенін атап өтті. Бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандардың қалыптасуында олардың алғашқы ұстаздарының еңбегі бар.
Семей қаласының әкімі білім саласының қызметкерлеріне еңбектері әрдайым лайықты бағаланып, шәкірттерінің жетістігі мерейлерін үстем ете беруіне тілектестік білдірді.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен толағай жетістіктер тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Әділет Қожанбаев.














