Семей қаласында Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Аймақтың он ауданынан келген мыңнан астам өнерпаз Абай театрында өткен гала-концертте өз өнерін ортаға салды. Байқау аясында ән-күй, жыр-терме, театрландырылған көріністер арқылы ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтар кеңінен насихатталды.
Қорытынды концертке облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Аймақ басшысы бұл байқаудың жоғары деңгейде өткенін айтып, алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасатынын жеткізді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласына сілтеме жасап, ұлттық мәдениеттің маңызын атап өтті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Ол – өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Біз халқымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деп мәдениет саласының маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Халқымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Абай елі шын мәнінде өнер кеніші екенін дәлелдеді. Бұл байқау облысымыздың мәдени әлеуетін нақты көрсетіп, өңіріміздегі таланттарды ынталандыратын маңызды алаңға айналуы керек. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, елдің ішінде үлкен сахнаны аңсап жүрген мықты өнерпаздар бүгін облыс сахнасында өнер көрсетті. Аудандарда жүрген азаматтардың өнерін орталыққа дәріптеуіміз керек. Олар үлкен сахнаға жолдама алуы қажет. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға, ұйымдастырушыларға және сахна сыртындағы еңбек адамдарына алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – елдің рухани қуатын арттырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатын қастерлі іс, — деді аймақ басшысы.
Байқау нәтижесінде белсенділік танытқан аудандар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, 1 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Жүлделі орындарды Үржар (3-орын), Аягөз (2-орын) және Абай ауданы (1-орын) иеленді. Әкім жеңімпаздарға дыбыс жазу студиясы, музыкалық аппаратура табыстады. Ал бірінші орын алған Абай ауданы мәдениет үйіне шағын автобус сыйға тартылды.
Абай облысында бүгінде 296 мәдениет мекемесінде 3000-ға жуық маман қызмет етеді. Олардың қатарында кітапханалар, клубтар, мұражайлар, театр мен филармония бар.
Әмір Бек

















