Семейде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tura18.kz.
Абай облысының орталығында жол инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының хабарлауынша, биыл 52 көшеде жөндеу жүргізіледі, олардың жалпы ұзындығы 40 шақырымнан асады. Айта кетерлігі, бұл көшелердің 36-сы алғаш рет асфальт төселетін жолдар қатарында.
Жаңа жол салу жұмыстары бірнеше шағын аудан аумағын қамтиды. Жоба алты бағыт бойынша жүзеге асып, ұзындығы 23 шақырымға жуық көше жолдары жаңартылады. Бұл жобалар елді мекендердегі көлік қатынасының сапасын жақсартуға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, Семейдегі ішкі көшелерді жөндеу биыл көктемде басталған. Қазіргі таңда Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Крестьянская көшесінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз жиынында аталған жұмыстардың барысы кеңінен таныстырылды.
Қаланың тұрғындарынан түскен өтініштер назарға алынып, жол жабындылары жаңартылуда. Ой-шұңқырлар жамалып, 9 көшеде асфальт салуға дайындық жұмыстары қатар атқарылуда. Жалпы жол жөндеу шаралары Семейде қарқынмен жалғасып жатыр, – деп атап өтті қалалық бөлімнің бас маманы Әділбек Увасилов.

















