Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай атындағы әмбебап кітапханада Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай жергілікті ақын-жазушылармен кездесті. Еркін форматта өткен басқосуға өңірдің қала-аудандарынан келген зиялы қауым өкілдері, айтыс және жазба ақындар, қаламгерлер қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Кездесу барысында аймақ басшысы зиялы қауымның қоғамдағы рөліне тоқталып, Семей өңірінің рухани маңызын атап өтті. Сондай-ақ өңірде мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қаламгерлердің жетістіктеріне назар аударды. Атап айтқанда, ақын Төлеген Жанғалиев мемлекеттік стипендия иегері атанса, айтыскер ақын Әсем Ережеқызы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығымен марапатталды. «Абай жолы» кітапханасы» сериясы аясында 25 автордың еңбегі жарық көргені айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн» деп айрықша атап өткен болатын. Әдебиет пен мәдениеттің қазығы қағылған, киелі Абай елінің руханият сардарларының алдыңғы сапында қалам ұстаған қауымның тұратыны ақиқат. Сондықтан да мен бүгін, Мұқағалидың туған күні – бейресми ақындар күнінде өздеріңізбен арнайы жүздесіп отырмын, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі алдағы уақытта «Тарбағатай» дәстүрлі өнер театры ашылатынын, бірқатар көрнекті қаламгерлердің мерейтойлары атап өтілетінін және Абай облысының гимнін жазуға арналған «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы басталатынын хабарлады.
Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, елде жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау көрсететіндерін жеткізді.

















