Абай облысында денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан 5,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға және қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ, деп хабарлайды Tura18.kz порталы Үкіметке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, қайтарылған қаражат есебінен Үржар ауылында көпсалалы орталық аудандық ауруханаға қосымша корпус салу және оны заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру қолға алынған.
Сол сияқты Аягөз қаласында да көпсалалы орталық аудандық аурухананың қосымша ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа корпусқа магниттік-резонанстық томограф орнату жоспарланған.
Аталған нысандарды биыл пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл жобалар халықты сапалы әрі уақытылы медициналық қызметпен қамту мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етпек.

Айта кетейік, бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қордан Семей қаласында 100 орындық медициналық-әлеуметтік психоневрология мекемесінің құрылысын жүргізу үшін 2,6 миллиард теңге бөлінген.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өткен еді. Оның ішінде ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап, мамандандырылған ауруханаларға дейінгі медициналық мекемелер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысанның құрылысы жүргізілген.

















