Семейде өткен сот отырысының қорытындысы бойынша қалалық билікке ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматқа пәтерді жекешелендіруге қатысты өтінішті қайта қарау міндеттелді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Сот материалдарынан белгілі болғандай, 1983 жылы семейлік тұрғынға үш бөлмелі пәтер берілген. 1989 жылы негізгі жалға алушы қайтыс болып, кейіннен оның жұбайы мен бір ұлы көз жұмған. Екінші ұлы осы пәтерде 40 жылдан астам уақыт бойы тұрақты тұрып келеді. 2023 жылы ол пәтерді жекешелендіру туралы өтінішпен әкімдікке жүгінген. Алайда өтініш рәсім жүргізілместен, тегін жекешелендіру құқығын растайтын құжат жоқ деген уәжбен кері қайтарылған.
Кейін бұл мәселені Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады. Сот талапкердің Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер санатына жататынын құжатпен дәлелдегенін анықтады. Бұдан бөлек, ол 1990 жылдан бері III топтағы мүгедек, пәтер берілген сәттен бастап онда тұрақты тұрып, оны күтіп-ұстауға шығын шығарып келген. Сот сондай-ақ талапкердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан тегін жекешелендіру құқығын заң бойынша әлі пайдаланбағанын көрсетті. Нәтижесінде сот әкімшілік өтінішті қанағаттандырудан бас тарту әкімшілік рәсім талаптарын бұзатынын атап өтті: шешім тұрғын үй комиссиясында қараусыз және өтініш иесін тыңдаусыз қабылданған, бұл заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына қайшы келеді.
Әкімшілік талап толық көлемде қанағаттандырылды. Семей қаласының әкіміне және тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй инспекциясы бөліміне соттың ұстанымын ескере отырып, өтінішті тұрғын үй комиссиясының отырысында қайта қарау тапсырылды, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

















