Абай облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Ұйқыдағы жүргізуші» атты рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Tura18.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түнгі уақытта Бесқарағай ауданындағы автожолда полиция қызметкерлері мен дәрігерлер бірлескен бекет қойып, жүргізушілерге рөлдегі шаршау мен ұйқы туралы түсіндірді. Мамандардың айтуынша, ұйқысы қанбаған жүргізушінің жағдайы алкогольдік масаң күймен бірдей қауіп төндіреді. Патрульдік полиция инспекторлары құжаттарды тексеріп қана қойған жоқ, жүргізушілерге қан қысымын өлшетуді ұсынып, олардың жағдайын сұрады. Сонымен қатар жолда демалудың маңызын түсіндірді.
Біз жүргізушілерге жолда бірнеше минут тоқтап тынығып алу өмірді сақтап қалудың кепілі екенін жеткізгіміз келеді. Өйткені ең қымбат нәрсе – адам өмірі, – деп атап өтті полицейлер.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 784 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 57 адам көз жұмып, 1097 адам түрлі жарақат алған. Мұндай акциялар полицияның жаңа сервистік моделін көрсетеді. Мұнда басты назар айыппұл салуға емес, алдын алу мен түсіндіру жұмыстарына аударылып отыр.

















