Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудандар ішінде көшет егуден Көкпекті көш бастап тұр, деп хабарлайды Tura18.kz.
Аймақ басшысы әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен егілген көшеттердің саны мен жерсіну жағдайына мониторинг жүргізілді. Биыл өңірде 65 мың түп ағаш отырғызу жоспарланса, осы межені орындауда Көкпекті, Үржар және Жаңасемей аудандары жоғары көрсеткіш көрсетті. Сондай-ақ керісінше төмен нәтиже көрсеткен аудандар да бар, оларға жұмысты ширату міндеті қойылды.
Облыста 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілген. Бұл құжат өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында табиғатқа жауапкершілікті арттыруға бағытталған 44 іс-шарадан тұрады.
6 қыркүйек күні облыстың барлық елді мекендерінде сенбілік өтті. Оған 14,6 мыңнан астам тұрғын қатысып, 591 ұйым мен 256 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 6019 аула тазартылды, 151 саябақ пен сквер ретке келтірілді. 57 су айдыны мен 1074 метр арық тазартылды және 1 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарға шығарылды.
Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне тазалық жұмыстарын жалғастыруды, ағаш егу жоспарын сапалы орындауды, қоқыс жәшіктерінің санын көбейтуді тапсырды.
Ағашты егу бір басқа, ары қарай өсіп-өнуі үшін күтім жасау, қарау бір басқа. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан аппарат аудан, қала көшелеріндегі санитарлық тазалықтың жағдайына мониторинг жасауды жалғастыру керек, – деді облыс әкімі.

















