Үйде дайындалған консерві, тұздалған саңырауқұлақ немесе ұзақ сақталған ет пен балық өнімдері дастарханның сәнін келтіретіні рас. Бірақ мұндай тағамдарды дайындау мен сақтау кезінде санитариялық талаптар сақталмаса, оның соңы адам өміріне қауіп төндіретін ауруға ұласуы мүмкін.
Солардың бірі – ботулизм. Азық-түлік қауіпсіздігі – әр отбасының денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Әсіресе, үй жағдайында дайындалған консервілерді тұтынған кезде сақтыққа мән беру маңызды. Өйткені ботулизм кезінде қауіпті токсиннің бар-жоғын тағамның сыртқы түріне, түсіне немесе иісіне қарап анықтау әрдайым мүмкін емес.
Ботулизм – құрамында ботулотоксин жиналған тағамды тұтынудан болатын ауру. Ботулотоксин адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Соның салдарынан бұлшықеттердің, оның ішінде тыныс алу бұлшықеттерінің салдануы мүмкін. Аурудың адам өміріне қауіп төндіретіні де осы. Сондықтан ботулизмнің белгілерін ерте байқап, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну маңызды.
ҚАУІП ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?
Ботулизм көбіне үй жағдайында дұрыс дайындалмаған немесе белгіленген талаптарға сай сақталмаған консервілерді пайдаланған кезде болады. Әсіресе, саңырауқұлақ, көкөніс, ет және балық өнімдерінен дайындалған консервілер қауіп төндіруі мүмкін. Консерві дайындау кезінде санитариялық талаптар сақталмаса, өнімнің құрамында ботулизм қоздырғышы көбейіп, токсин түзілуі ықтимал. Мұндағы басты мәселе – қауіпті токсинді көзбен көру немесе иіс арқылы сезу әрдайым мүмкін емес. Яғни консервінің сыртқы түрі қалыпты болғанымен, оның қауіпсіз екеніне толық кепілдік бермейді. Сондықтан «иісі жақсы екен, демек жеуге болады» деген ұстаным мұндай жағдайда дұрыс емес.
Белгілері:
Ботулизмнің белгілері улы тағамды тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейінгі аралықта пайда болуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілеріне:
- әлсіздік;
- бас айналу;
- ауыздың құрғауы;
- көрудің бұзылуы;
- көз алдында заттардың қосарланып көрінуі;
- жұтынудың қиындауы;
- сөйлеудің қиындауы жатады.
Бұл белгілерді елемеуге болмайды. Ауру асқынған жағдайда тыныс алу бұлшықеттері салдануы мүмкін. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін жағдай. Сондықтан жоғарыда аталған белгілердің бірі байқалса, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну қажет. Өздігінен емделуге болмайды. Ауру белгілерін елемей, олардың өздігінен басылғанын күту де қауіпті.
Ботулизмнің алдын алудың негізгі жолы – тағамды дайындау мен сақтау талаптарын қатаң сақтау.
1. Консерві дайындағанда тазалыққа мән беру
Үй жағдайында консерві дайындау кезінде тазалыққа ерекше көңіл бөлу қажет. Көкөніс, жеміс және саңырауқұлақтарды мұқият жуып, консервілеуге арналған ыдыстарды белгіленген талаптарға сай өңдеу керек. Тағам дайындау барысында санитариялық талаптарды елемеу өнімнің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
2. Күмәнді консервіні тұтынбаңыз
Қақпағы ісінген, зақымданған немесе күмәнді консервілерді пайдалануға болмайды. Өнімнің түсі, иісі немесе сыртқы түрі өзгерген болса, оны тұтынудан бас тартқан дұрыс. Бұл жерде «бір рет жеп көрсем, ештеңе болмас» деген тәуекелге барудың қажеті жоқ. Күмәнді өнімнен бас тарту – денсаулықты қорғаудың ең қарапайым жолдарының бірі.
3. Дайындалу жағдайы белгісіз өнімнен сақ болыңыз
Үй жағдайында дайындалған консервілердің қайда және қалай әзірленгені белгісіз болса, оларды сатып алудан әрі тұтынудан бас тартқан жөн. Әсіресе, өнімнің дайындалу және сақтау жағдайы туралы нақты ақпарат болмаған жағдайда денсаулыққа қауіп төндірмеген дұрыс.
4. Өнімдерді дұрыс сақтаңыз
Ет, балық және басқа да тез бұзылатын өнімдер тиісті температуралық жағдайда сақталуы қажет. Сонымен бірге тағамның жарамдылық мерзімін үнемі бақылап отырған жөн. Өнімді дұрыс сақтау – оның сапасын сақтаудың ғана емес, тағамнан болатын қауіптердің алдын алудың да маңызды шарты.
5. Тағам дайындау кезінде қауіпсіздік ережесін сақтаңыз
Тағамды дайындау барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Консервілерді пайдаланар алдында термиялық өңдеу кей жағдайда токсиннің әсерін төмендетуге көмектескенімен, бұл дұрыс консервілеу мен қауіпсіз өнімді таңдауды алмастырмайды. Сондықтан тағамды кейіннен өңдеуге сеніп, бастапқы қауіпсіздік талаптарын елемеуге болмайды.
ҚАУІПСІЗДІК АС ҮЙДЕН БАСТАЛАДЫ
Тағам қауіпсіздігі – тек мамандардың немесе санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының міндеті емес. Ол әр отбасының күнделікті әдетінен басталады. Өнімді дұрыс таңдау, оны белгіленген жағдайда сақтау, тағамды дайындау талаптарын орындау және шығу тегі немесе дайындалу жағдайы белгісіз консервілерден бас тарту – ботулизмнің алдын алудың маңызды жолдары. Ботулизм – сақтықты талап ететін дерт. Аурудың қауіптілігі оның адам ағзасына әсерімен ғана емес, улы токсиннің тағамда сыртқы белгілерсіз болуы мүмкіндігімен де байланысты. Сондықтан күмәнді өнімге келгенде тәуекелге бармаған жөн.
Денсаулықты қорғау – өз қолымызда. Тағам дайындау мен сақтау ережелерін сақтап, күмәнді өнімдерді тұтынбайық. Жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарайық. Өйткені денсаулық – ең үлкен байлық. Ал тағам қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау – сол байлықты қорғаудың қарапайым, бірақ маңызды қадамы.
Нұржан Ноғайбаев,
Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
департаментінің басшысы














