Семейде өндірістік кәсіпорындарға, медицина саласына және басқа да мекемелерге арналған арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Жаңа жоба «Техноавиа – Қазақстан» компаниясының қаладағы өндірістік қуатын кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Tura18.kz.

Бұл компанияның Семейде 2023 жылдан бері арнайы киім өндіретін фабрикасы жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында өндірістік және корпоративтік киімдермен қатар медицина қызметкерлеріне арналған арнайы киімдер де тігіледі. Фабриканың жылдық жобалық қуаты – 160 мың тігін бұйымы.
Былтыр кәсіпорын 135 171 бұйым өндірген. Оның 85 пайызы экспортқа бағытталған. Қазір тігін фабрикасында 152 адам еңбек етеді. Енді компания өндіріс бағытын арнайы аяқ киім шығарумен толықтырды. Жаңа фабрикада 30-дан астам адам жұмысқа орналасқан. Алдағы уақытта өндірістік алаңдарды кеңейтіп, жаңа технологиялық жабдықтар сатып алу және жұмысшылар санын көбейту арқылы өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр.
Жаңа өндірістің іске қосылуын өңірдегі өнеркәсіптік кооперацияны дамыту тұрғысынан да маңызды жоба деуге болады. Себебі өндірістің тұрақты жұмыс істеуі тек өнім шығаруға емес, сол өнімнің тұрақты өткізу нарығына байланысты.
Өндірістің ашылу рәсімінде облыс әкімі Берік Уәли кәсіпорындар арасындағы өзара байланысты күшейтіп, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың маңызын атап өтті.

Инвестициялық жобаның нәтижесі тек жаңа өндіріс орнын ашумен шектелмеуі керек. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындарын құрып, шығарған өнімі нарықта сұранысқа ие болуы маңызды, – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы өңірдегі ірі кәсіпорындарды қажетті өнімдерді сатып алу кезінде алдымен жергілікті өндірушілердің мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Оның айтуынша, мұндай тәсіл кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын сақтауға және өңір ішінде тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өзімізде сапалы өнім өндіріліп тұрғанда, оны сырттан сатып алуға ұмтылу дұрыс емес. Бір-бірімізді қолдау арқылы біз тұтас өңір экономикасын қолдаймыз, – деді облыс әкімі.
Жергілікті нарыққа өнімді тікелей ұсыну мақсатында компания Семейде фирмалық сату нүктесін де ашты. Бұл тұтынушыларға кәсіпорын өнімдерін тікелей өндірушіден алуға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында «Техноавиа-Қазақстан» ЖШС мен өңірдегі алты ірі кәсіпорын – «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «QAZAQ-ASTYQ GROUP», «Eurasia Agro Semey», «Эйкос», «KondiZ distribution» және «Силикат» арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Жаңа өндірістің іске қосылуы Семейдегі кәсіпкерлік жобалардың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, жергілікті өндірістің өзара байланысын күшейтуге де жол ашады. Арнайы киімнен бастап аяқ киімге дейінгі өнім түрлерін бір өндірістік алаңда дамыту компанияның ішкі нарықтағы үлесін арттырып, экспорттық әлеуетін одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.














