Абай облысының делегациясы Түркістанда өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» жергілікті өзін-өзі басқару органдарының екінші ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Облысы әкімдігі мен Корея Республикасының Губернаторлар ассоциациясы (GAROK) ұйымдастырған форум аясында абайлық делегация Түркістан облысы мен Шымкент қаласында болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, Мақаншы, Үржар аудандарының әкімдері, облыстық басқарма басшылары, бизнес өкілдері мен сәулетшілер бар жиыны 20-дан астам адамнан жасақталған делегация мүшелері сапар барысында Түлкібас және Сайрам аудандарындағы агроөнеркәсіп кешенінің жобаларымен танысты. Түлкібас ауданында «Майтөбе-сүт» сүт өңдеу цехы мен «Кен-Тау» ЖШС-нің жеміс-көкөніс сақтау қоймасының жұмысын көрді. Сайрам ауданында «Kaz Eco Meat» ет өңдеу кешені, «Nurym Group» бордақылау алаңы және «DALA-FRUIT.KZ» жеміс-көкөніс кластері таныстырылды. Делегация сондай-ақ Түркістан облысындағы өнеркәсіптік нысандарды аралады.

















