Көкпекті ауданында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жаз бойы жүргізілді. Ауылдық округтердегі су өткізу құбырлары тексеріліп, инженерлік желілердің жағдайы назарға алынды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Аудан әкімінің орынбасары Аслан Балабекұлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрлан Жұмағалиұлымен бірге су тасқынының қаупі бар учаскелерді аралап, инженерлік қорғау жұмысының орындалуын тексерді. Жоспарға сәйкес Көкпекті ауданы бойынша 17 іс-шара қамтылып, су тасқынының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар іске асырылған. Атап айтқанда, Биғаш ауылында Кіндікті өзенін бойлай бөгет салынып, арнасы толық тазартылды. Бастау өзенінің арнасы тазартылып, кеңейтілді.
Аудан орталығын қақ жарып ағып өтетін Көкпекті өзенінің де арнасы тазартылып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар Шұғылбай ауылына кіреберіс жолдың сол жағында ұзындығы 450 метр бөгет салынды, Черноярка ауылына кіреберіс жолға су өткізгіш құбыр орнатылды. Көкпекті-Бағаш жолында су өткізгіш құбыр орнатылды.
Қалған жұмыстар биылғы 31 қазанға дейін аяқталады. Ол үшін аудан бюджетінен 16 млн теңге бөлінді. Ауылдық округтерге қажетті қаражат берілді. Бүгінде құрылысқа қажетті материалдар жеткізіліп жатыр. Жұмысты «Көкпекті» КМК атқарады.
Аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған маңызды шаралар жоспарлы түрде орындалып жатыр.

















