Цифрлық технологиялар белсенді дамып жатқанда интернет желісі арқылы мемлекеттік, қаржылық және өзге де электронды қызметтерге азаматтардың қол жеткізу ауқымы күннен күнге кеңейе түсті. Сонымен бірге интернет алаяқтықтың да түрлі тәсілдері көбейді. Сондықтан азаматтар мұндай кезде аса сақ болғаны абзал.
Бүгінде алаяқтар қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, бейне, аудио жазбалар әзірлеп, адамдардың бет-әлпеті мен дауысын айнытпай келтіретін кескіндер жасайды.
Азаматтардың ресми құрылымдарға деген сенімін пайдалана отырып, алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, жеке және қаржылық ақпаратқа қол жеткізу мақсатында өздерін көбінесе мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау органдарының, байланыс операторларының және басқа ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады.
Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында және сіздің қауіпсіздігіңіз үшін «БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) төмендегілерді ескертеді:
Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін ешқандай делдалдың көмегі қажет емес, комиссиялық төлем алынбайды;
БЖЗҚ қызмет көрсеткені үшін өтемақы алмайды, барлық төлемдер қатаң түрде заң аясында жүзеге асырылады;
Жинақтардың бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделу ақысын төлеу мақсатында пайдалану тек уәкілетті оператор (екінші деңгейдегі банктер) арқылы жүзеге асырылады;
Мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау құрылымдарының, байланыс операторларының және БЖЗҚ-ның қызметкерлері телефон, электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы дербес деректерді, банк карталарының деректемелерін, SMS-кодтарды және өзге де құпия ақпаратты ешқашан талап етпейді;
Егер қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, тұрғылықты мекен жайыңызды және жұмыс орныңызды білсе, ол оның ресми тұлға екендігін білдірмейді.
Қажетті деректердің барлығын түрлі тәсілдермен алуға болады.
Күмәнді қоңырау, хабарлама немесе хат түскен кездегі сіздің әрекеттеріңіз:
Байланысты дереу тоқтатыңыз.
Байланысқа шыққан тұлға туралы ақпаратты (хат-хабардың скриншоттарын, телефон нөмірлерін, электронды мекен жайларды, сайттарға сілтемелерді және өзге де деректерді қоса) белгілеп алыңыз.
Ақпаратты нақтылап, одан әрі қажетті шараларды қабылдау үшін құқық қорғау органдарына немесе тиісті ұйымның (банктің, байланыс операторының және т. б.) қолдау қызметіне хабарласыңыз.
БЖЗҚ қатаң ескертеді! Ақпаратты ресми көздерден алыңыздар және тек заң шеңберінде әрекет етіңіздер.
Барлық сауалдарға жауап алып, зейнетақы жинақтарыңыздан төлем алу және аударуға қатысты ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде және қашықтықтан алуға болады:
enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы,
байланыс орталығының 1418 тегін байланыс нөміріне қоңырау шалу жолымен немесе +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы,
БЖЗҚ-ның Одноклассники, Telegram, Facebook, Вконтакте, Х және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да тексере аласыз.
Жақындарыңызды, әсіресе қарт туыстарыңызды ақпараттық қауіпсіздік ережелерімен таныстырыңыздар.
Сақтық шараларын алдын ала қабылдаңыз, осылайша сіз өзіңіздің жеке деректеріңіздің берік қорғалуын, қауіпсіздігін және құпиялылығын қамтамасыз етесіз.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

















