Абай облысы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, бұқаралық спортты дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының Ұшақтар шағын ауданында бой көтеріп жатқан жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы ауданы 1770 шаршы метр болатын бұл кешен 1,1 гектар аумақта салынып жатыр. Заманауи талаптарға сай спорттық нысан екі корпустан тұрады және бір мезетте 115 адамды қабылдай алады. Кешен ішінде 11 үстелге арналған теннис залы, күрес залы, фитнес және жаттығу залдары, сондай-ақ футбол алаңдары болады. Құрылыс жұмысы жоспар бойынша жүріп жатыр, нысанды 2026 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұл – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен Абай облысы әкімдігінің бірлескен жобасы. Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, кешен жолдың бойында, халық емін-еркін кіре алатын, ыңғайлы жерде орналасқан. Бұған дейін бұл маңда спорттық нысандар болмаған. Енді жаңа кешен жергілікті тұрғындарға денешынықтырумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді.
Бұл жоба – облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуда және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруда маңызды бастама болмақ.

















