Көкпекті ауданында жас ұрпақтың туған жерге сүйіспеншілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айғағы – «Тарихи-өлкетану» үйірмесінің оқушылары ұйымдастырған табиғат және тарихқа арналған экспедиция, деп хабарлайды Tura18.kz.
Бұл жолы Оқушылар шығармашылық сарайының жас зерттеушілері Қара кезең маңындағы ежелгі тастағы суреттер – петроглифтерді тамашалады. Тарихтың үнсіз куәгері саналатын бұл тас жазулар жас буынға ерекше әсер қалдырды. Балалар өз өлкесінің көне тарихымен, табиғи мұраларымен жақын танысып, бабалар ізін сезінді.
Айта кету керек, мұндай танымдық сапарлар – үйірме жұмысының дәстүрлі бөлігі. Бұған дейін де жас өлкетанушылар аудан аумағындағы киелі орындарды аралап, тарихи деректер мен фотоматериалдар жинаған.
Мекеме басшысы Асқар Дүйсенбекұлы Сүлейменовтің айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, зерттеушілік қабілетін арттырып, ел тарихына құрмет сезімін қалыптастырады.
Өлке тарихына қамқорлықпен қарау – болашаққа аманат. Балалар өз жерінің әр тасы мен бұлағын, тарихын танып өсуі тиіс, – деді Асқар Дүйсенбекұлы.
Осындай игі бастамалар арқылы Көкпектінің жас ұрпағы туған жердің бай тарихын тануға, оны қорғауға және дәріптеуге үйреніп келеді.
Айгерім Калиева

















