Қазақ журналистикасы мен поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі Мұрат Тастағанов дүниеден өтті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Мұрат Мырқанұлы 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Сарықамыс қыстағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, БАҚ-та ұзақ жыл еңбек етті. «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» жыр жинақтарының авторы, 60-тан астам әннің сөзін жазды. Ол Күршім ауданының Құрметті азаматы атанып, туған өлкесінің рухани өміріне өлшеусіз үлес қосты. Ана тілі мен ұлттық руханияттың жанашыры болды.
«Қазақ тілі» қоғамының Өскемен қалалық ұйымын басқарып, сөздің киесін, тілдің қадірін ұлықтады. Кейін облыстық теле-радиокомпанияда, Семейдегі «Ертіс өңірі» газетінде және Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда қызмет етіп, мәдениет пен өнердің дамуына елеулі еңбек сіңірді.
Оның қаламынан туған мақалалары, ұлттық әдебиетіміздің қазынасын байытқан шығармалары ел жадында мәңгі сақталады. Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың мезгілсіз қазасына байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, шығыс еліне қайғыра көңіл айтамыз.
Құрметпен, Көкпекті аудандық редакциясы ұжымы

















