Абай облысында жоғары оқу орнын мемлекеттік грант негізінде оқып, оны үздік аяқтаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі басшы емес лауазымдарға конкурссыз қабылдынады. Бұл бос қызмет орындарына қажетті кадрлар тартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Сонымен қатар Мемлекеттік басқару академиясын жоғары нәтижемен тәмамдаған қызметшілерді конкурстан тыс мансаптық ілгерілету тетігі де қарастырылған. Айталық, былтыр 14 түлек жергілікті мемлекеттік органдарға конкурссыз қабылданды.
2024 жылы өңірлік кадр резервіне 25 жас маман іріктеліп алынып, оларды мемлекеттік лауазымдарға тағайындау жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда резервшілердің 11-і түрлі мемлекеттік қызметтерге тағайындалды. Агенттік әр резервшіге арналған жеке мансаптық карта әзірлеп, ұсынылатын лауазымдар тізімін қалыптастырды.
Аймақ басшысы Берік Уәли облыс әкімінің аппаратына аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің ұсыныстарын ескере отырып, заң талаптарына сәйкес бос лауазымдарды толтыру бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

















