Астанада «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты рәсімге еліміздің әр өңірінен келген 20 үлгілі отбасы қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz порталы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл байқауға республика бойынша 3434 өтінім түсіп, өңірлік кезең жеңімпаздары арасынан 20 үздік отбасы анықталды. Оларға естелік мүсінше, диплом және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды.
Абай облысының намысын қорғаған Сыдықбаевтар әулеті шешуші кезеңде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Отағасы Оңғар ата мен жұбайы Тілеуғайша Қасымжанқызы сегіз бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде 16 немере мен жеті шөберенің ата-әжесі.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысты.

















