Көкпекті ауданындағы Үлгілімалшы – Көкжайық ауылдарының арасын жалғайтын жолға биыл тұңғыш рет асфальт төселді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Осыдан төрт ай бұрын, сол кездегі Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен және БАҚ өкілдерімен кездесуде биыл Үлгілімалшы мен Көкжайық арасындағы жолдың 11 шақырымына асфальт төсеу үшін облыс бюджетінен 753 миллион теңге бөлінгенін хабарлаған. Бүгінде сол асфальт ойдағыдай төселіп, ауыл тұрғындары қуана-қуана көліктерімен зулап жүр. Ауыл арасындағы жол машақаты жеңілдеді.
Жалпы, жол құрылысы жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 11 шақырым жолға биыл шілде-қазан айларында асфальт төселсе, екінші кезеңде Қөкжайықпен арадағы қалған 15 шақырымға келер жылы қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Жолаушыларды көптен титықтатқан жолдың бір бөлігінің жөнделуі ауыл халқын қатты қуантты. Соңғы он жыл бойы талай жиналыста айтылған жол мәселесінің шешімін тапқаны ауыл тұрғындарының үзілгелі тұрған үмітін жалғап отыр. Ауыл ақсақалдары осынау істің дұрыс атқарылуын қадағалап жүрген аудан әкіміне жолығып, ел атынан алғыс білдірді.
Жалпы мен ес білгелі бұл жерде асфальт болмаған. Жауын жауған сайын жолдың балшығы қамырдай иленіп, ары бері жүргізбей, көлікті белуардан батпақ қылып әбдеп шаршатып еді. Талай жиналыста ақсақалдарымыз осы мәселені көтеріп, талай әкім бел шеше кіріссе де ештеңе өндіре алмаған еді. Әділет Қожанбаевқа рахмет, облыстан қаржы тартып, абыроймен жасап шықты. Қалада, Көкпектіде тұратын балаларымыз бен немерелерімізге қазір шаршамастан күнбе-күн барып келіп тұратын болдық. Ауылымыздағы жастардың да құлшынысы артып, неше түрлі кәсіппен айналыса бастады, — деді ауыл тұрғыны Еркінбек Байтунов.

















