Абай облысының Бородулиха ауданында жергілікті тұрғындар үшін жаңа Абай атындағы мешіт есігін айқара ашты. Құлшылық үйінің салтанатты ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қос қабатты, төрт мұнаралы мешіттің сыйымдылығы 350 адамға арналған. Ғимаратта ерлер мен әйелдерге арналған бөлек намаз залдары, 20 адамдық дәріс бөлмесі, Құран оқу орны және имамның жұмыс кабинеті қарастырылған.
Жиында Бас мүфти жамағатты қасиетті орданың ашылуымен құттықтап, мешіт салудың ислам дініндегі маңыздылығына тоқталды.
Алла разылығы үшін мешіт тұрғызу – адам баласы үшін үзілмейтін сауаптың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кім Алла үйін тұрғызуға атсалысса, Алла Тағала ол адамға жұмақтан орын дайындайды”, – деген. Осы мешіт ел игілігіне қызмет етсін, жамағаты көп болсын, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Шара соңында Бас мүфти мешіт құрылысына үлес қосқан азаматтарға ҚМДБ атынан алғыс хаттар табыс етті. «Бородулиха 25» қоры жаңа мешітке қызметтік автокөлік сыйға тартты.
Айта кетейік, мешіттің бой көтеруіне ауданда тұратын 32 этнос өкілдері атсалысып, ортақ іске үлес қосты.
Жаңа «Абай» мешіті өңірдің рухани өмірін жандандырып, бірлік пен ізгіліктің ордасына айналмақ.

















