Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Абай облысында өткен «Абай және дін» конференциясында баяндама жасады, деп хабарлайды Tura18.kz порталы 018.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Абай облысына жасаған жұмыс сапары кезінде «Абай және дін: рухани тәрбиенің қайнар көзі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Бас мүфти өз сөзінде хакім Абайдың рухани мұрасы мен ислам құндылықтарының сабақтастығын атап өтіп, ұлы ойшылдың адам тәрбиесіне қатысты көзқарастарының дінмен үндесетін тұстарына назар аударды.
Абайдың еңбектері уақыт өткен сайын өз маңызын жоғалтпай, жаңа мәнге ие болуда. Ақынның «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» туралы ойлары – адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуы үшін қажет негізгі қасиеттер. Қайрат – еңбексүйгіштік пен табандылықтың белгісі, нұрлы ақыл – ізгі істердің бастауы, ал жылы жүрек – имандылық пен мейірімнің көрінісі. Осы үш қасиет тоғысқанда ғана адам шынайы кемелдікке жетеді, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Конференция барысында абайтанушы ғалымдар, теологтар және дінтанушылар хакім Абайдың діни-философиялық көзқарастарын талқылап, оның еңбектеріндегі ислам өркениетімен үндестік жайын жан-жақты қарастырды.
Іс-шара аясында «Абай еліндегі ислам» атты жаңа ғылыми-танымдық еңбектің тұсаукесері өтті. Кітапта Абай өңірінде ислам дінінің таралу тарихы, аймақ дін қызметкерлерінің еңбегі және Семей өңіріндегі мешіт-медреселердің қалыптасу кезеңдері туралы деректер жинақталған.
Бұл еңбек дінтану, тарих және теология саласының мамандарына, сондай-ақ еліміздің ислам тарихына қызығушылық танытқан оқырмандарға арналған.














