Семейде жылыту маусымы басталды. Қаладағы жылу көздері штаттық режимде жұмыс істеп, әлеуметтік нысандар жылумен толық қамтылған. Тұрғын үйлер мен жеке секторды жылу жүйесіне қосу бекітілген кесте бойынша кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tura18.kz сайты.
Қазір қаладағы негізгі жылу көзі – 1-ЖЭО және 20 қазандық белгіленген температуралық кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Бұл жылу өндіру көздерінің маусым басталған кезде қажетті режимге шыққанын көрсетеді. Алайда жылыту маусымының сәтті өтуін тек қазандықтардың жұмысымен бағалау жеткіліксіз. Мұнда жылу өндіру, оны желі арқылы жеткізу және тұтынушыға дейін үздіксіз апару тізбегінің әр буыны маңызды.
НЕГІЗГІ СЫНАҚ АЛДА

Жылыту маусымының алғашқы кезеңінде ауа температурасы тұрақты болғанымен, аяз түскен кезде жылу жүйесіне түсетін жүктеме артады. Әсіресе, температура күрт төмендеген күндері жылу көздерінің ғана емес, қалалық жылу желілерінің де жұмыс қабілеті сыналады. Сондықтан қазір негізгі мәселе – жүйенің іске қосылғаны емес, оның бүкіл маусым бойы тұрақты жұмыс істеуі.
Семей жылыту маусымына дайын. Қазір барлық жылу көздері бекітілген температуралық режимге сай қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік желілерге жылу толық берілді. Көп қабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы үйлер де бекітілген кесте бойынша кезеңмен қосылып жатыр, – деді «Теплокоммунэнерго» КМК директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Жандос Кәкібаев
Қалада жылу желілерінің жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Бұл – маусым кезінде ақаулардың алдын алу және жылу берудегі ықтимал үзілістерді барынша азайту үшін маңызды шара. Өйткені жылумен қамту жүйесінде бір ғана учаскедегі ақау бірнеше тұрғын үйге немесе әлеуметтік нысанға әсер етуі мүмкін.
Әлеуметтік нысандардың жылумен толық қамтамасыз етілуі – жылыту маусымының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Мектеп, балабақша, медицина және басқа да әлеуметтік нысандар үшін жылудың тұрақты берілуі бірінші кезекте тұруға тиіс.
Ал тұрғын үйлер мен жеке секторды қосу жұмыстарының кезең-кезеңімен жүргізілуі жылу жүйесіне түсетін жүктемені реттеп, қосу процесін бекітілген тәртіппен ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен тұрғындар үшін басты көрсеткіш – жылу қазандығының нешеуі жұмыс істеп тұрғаны емес, пәтердегі температура мен жылудың тұрақтылығы.
Жылу берілді, пәтеріміз жылы. Тұрғын үйдің ішкі инженерлік желісін осындағы пәтер иелері ұйымдасып, жаздыгүні реттеп қойғанбыз. «Ерте қамданғанның, есесі кетпейді» деуші еді қазақ. Көреміз, нағыз сынақ қыста болады. Оған дейін бірдеңе деп айтуға да келмейді. Тәубе, былтыр қыстан жақсы шықтық. Пәтердегі температура қалыпты нормадан төмендемеді. Биыл да солай болар деп үміттенемі, – дейді қала тұрғыны Мақсат Хайроллаұлы.
Қалада жылыту маусымына қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың алдын ала қабылданғаны хабарланды. Ендігі кезең – осы дайындықтың нақты нәтижесін көрсету.
Жылу жүйесі үздіксіз жұмыс істеуі үшін жылу көздерінің жағдайын бақылаумен қатар, желілердің гидравликалық және температуралық режимдерін сақтау, апатты жағдайларға жедел әрекет ету және тұтынушыларға жылуды белгіленген параметрлерде жеткізу қажет.
КӨМІР САТАТЫП БЕС ОРЫН БЕКІТІЛДІ

Семей қаласында жылыту маусымына дайындық аясында тұрғындарға көмір сататын бес нысанның мекен жайы ұсынылды.
Қазір көмір сатылып жатқан орындар:
- «Жігер» ЖШС — Знаменка тасжолы, Батыс промаудан, 25/1а;
- «Жігер» ЖШС — Шығыс кенті;
- «Семей көмір» ЖШС — 654-шағын аудан, 15;
- «Востокугольпром» ЖШС — Батыс промаудан, 13;
- «Нұралинов» ЖК — Батыс промаудан, 30/4.
Бұл жерлерде көмірдің бір тоннасы орта есеппен 18 500 теңгеден сатылып жатыр. Ал жеткізумен есептегенде орташа баға — 21 500 теңге.
Жауапты мамандар тұрғындарға көмірді соңғы сәтке қалдырмай, алдын ала сатып алуға кеңес береді. Бұл, бір жағынан, қажетті отын қорын ертерек қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, жылыту маусымы қызған кезде туындауы мүмкін сұраныстың артуына байланысты қолайсыздықтың алдын алуға көмектеседі.
Көмір тапшылығы жоқ. Қоймаларда отын қоры жеткілікті. Бұл қаладағы кәсіпорындар мен тұрғындарды қажетті көмірмен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді, – деп түсіндірді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Теміржан Өкпенов.
Семейдің жылыту маусымына дайындығы толық аяқталып, жылу көздері штаттық режимде іске қосылды. Көмір қоры да жеткілікті, әлеуметтік нысандар жылумен қамтылған. Ендігі мәселе – осы дайындықтың қыс бойы қаншалықты тұрақты жұмыс істейтіні. Себебі жылыту маусымының шынайы бағасы қазандықтардың іске қосылған күнімен емес, аязды күндері желіге түсетін жүктеме артқанда және төтенше жағдай туындаған сәтте анықталады. Тұрғын үшін басты өлшем де қарапайым: үйінде жылу үзілмей, белгіленген температура сақталуы керек.














