«Семей» клубы Чемпиондар лигасының 1/8 финалында польшалық «Пьяст Гливице» командасымен өз алаңында ойнап, тең нәтиже тіркеді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Ойынның төртінші минутында алаң иелері сапында Дедезиньо есеп ашып, алғашқы тайм 1:0 есебімен аяқталды. Екінші тайм басталған сәтте Камиль Герейханов есепті еселеп, жергілікті жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Ал 35-минутта Дедезиньо дубль авторы атанды. Алайда Тейшейра Друммонд Ланса 35 және 36-минуттарда екі гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Матчтың соңғы секундтары қалғанда қонақтар сапында Мартинс Граса гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Есеп — 3:3. Сөйтіп, семейлік ұжым 3 доп басымдығын уыстан шығарып алды. Енді жауапты матч 5 желтоқсан күні Польшаның Гливице қаласында өтеді. Осы кездесудің нәтижесінде ширек финалға өтетін клуб анықталады. Келесі кезеңде жеңімпаз «Йорринг» (Дания) — «Этуаль» (Франция) жұбындағы үздік командамен ойнайды.
Сондай-ақ футзалдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясында алматылық «Қайрат» командасы Бельгия төрінде жергілікті «Андерлехт» клубымен ойнап, 3:7 есебімен жеңіске жетті.

















