Белгілі кәсіпкерлер Мукашевтар отбасының өкілі Балтабек Мұкашев пен бірнеше кітаптың авторы, бірнеше мектепті басқарған, білім саласының шебер ұйымдастырушысы Ғабит Бекахметов Көкпекті орта мектебіне арнайы шақыртуымен келіп, оқушылармен кездесті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Кездесуде Балтабек Құмарұлы бұған дейін Бесқарағай және Жарма аудандарының оқушылармен кездескенін, облыстың білім саласының дамуына үлес қосуға ниетті екенін жеткізді. Көкпекті аудандық білім бөлімі мектептің материалдық-техникалық базасының дамуына жекелеген демеушілердің үлес қосуын құптайды. Сондықтан қонақтарға мектеп ішінде шағын экскурсия ұйымдастырылып, аудандағы ең үлкен мектеппен танысуға жағдай жасалды. Білім ордасын аралау кезінде Балтабек Құмарұлы кітапханаға ерекше тоқталды. Көкпекті орта мектебінің директоры Нартай Советханұлы бұл қара шаңырақ аудандағы мектеп кітапханаларының ішіндегі ең үлкені екенін айтты. Кітапханашы Сәлима Абдуллақызы қонақтарға мектептің кітап қорын таныстырды.

«Қай жерде кітап аз — сол жерде проблема көп» деді кәсіпкер. Оның айтуынша, жетістікке жету жолында кітап оқуға өте көп уақыт жұмсайды. Қазір Балтабек Құмарұлы мектеп кітапханасын жаңа заманға сай дамытуға демеуші болуға дайын екенін жеткізді. Ең бастысы — кітапхана оқушыларға ғана емес, ауданның барлық тұрғындарына есігін ашуы керектігін айтты.
Жалпы елімізді дамыту үшін білім мен ғылымды пайдалануымыз керек, онсыз алға баса алмаймыз. Білім мен тәрбие саласына салған әр теңге пайдалы. Осы жердің байлығын пайдаланып, кәсібін дамытып, табысқа жетіп отырған әр кәсіпкер білім мен тәрбие саласына демеуші болуға міндетті деп есептеймін. Егер мектеп басшысы бастаған дамыту жобасына жергілікті кәсіпкерлер үлес қосса оған біз тек қуанамыз, — деп атап өтті Балтабек Құмарұлы.
Нартай Советханұлы бастаған мектеп ұжымы бүгінде кітапхананы дамытудың мастер-планын әзірлеу үстінде.
Фархат Маратұлы

















