Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Семей қаласының көшелері мерекелік безендірумен жаңарып жатыр, деп хабарлайды Tura18.kz.
Бұл бастама қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше қуанышқа бөлеп, патриоттық рухын көтерді деуге болады. Өкінішке қарай елдегі кейбір қалаларда Тәуелсіздік күні Жаңа жыл мейрамының көлеңкесінде қалып, дұрыс атап өтілмей келеді. Ал алаштың астана болған Семей шаһары бұл тұрғыда басқаларға өнеге көрсетті.
Шаһардың орталық және негізгі көшелеріндегі LED экрандарда мерекеге арналған арнайы бейнефондар көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар қала аумағында тақырыптық баннерлер мен бильбордтар орнатылып, елдік рухты дәріптейтін көрнекі ақпарат молынан ілінді.

















