Абай облысының Ақсуат ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Атап айтқанда, Үштөбе және Екпін ауылдарында дәрігерлік емханалар, Кіндікті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ Қызылжұлдыз, Көктүбек, Сұлутал, Айнабастау елді мекендерінде медициналық пункттер салынды. Аталған нысандар 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне тапсырылды.

Жаңа медициналық мекемелер заман талабына сай соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мәселен, Үштөбе ауылындағы дәрігерлік емханаға диагностикалық, емдік және физиотерапиялық бағыттағы озық медициналық құрылғылар орнатылды. Олардың қатарында дефибриллятор-монитор, инфузиялық және шприцтік насостар, феталдық монитор, бейнеқольпоскоп, физиотерапиялық аппараттар, компьютерлік спирометр, небулайзер, бактерицидтік сәулелендіргіштер, функционалды медициналық керуеттер, зертханалық және реабилитациялық құралдар, сондай-ақ цифрлық және компьютерлік техника бар.
Әлеуметтік нысандардың ашылуына аудан басшылығы, медицина саласының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Жиын барысында тұрғындар көптен күткен емханалардың іске қосылуы алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыл медицинасын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар екі медициналық пункт 16 желтоқсаннан кейін пайдалануға берілетінін айта кетейік.

















