Көкпекті ауданының әкімі болып Нұрбек Қошқарбаев сайланды. Ол саяси додада 4123 дауыс жинады, деп хабарлайды Tura18.kz.
2025 жылғы 21 желтоқсанда Көкпектіде тұңғыш рет аудан әкімін сайлау өтті. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Көкпекті ауданы бойынша сайлаушылар тізіміне 8666 тұрғын енгізілген, олардың 6023-і өз таңдауын жасады. Оның ішінде Ахмет Аққазинге 852 адам, Айнұр Сұлтановаға 696 адам дауыс берген. Ал Нұрбек Қошқарбаевты 4123 адам қолдаған. «Бәріне қарсымын» дегенді 152 сайлаушы таңдаған. Жарамсыз бюллетеньдер саны – 200.
Сонымен халықтың басым дауысына ие болған Нұрбек Қошқарбаев Көкпекті ауданының әкімі болып сайланды.
Анықтама
Нұрбек Тұрсынқанұлы Қошқарбаев 1979 жылы 5 маусымда Көкпекті ауданы Көкпекті ауылында туған. 1999 жылы М.Әуезов атындағы колледжінің бастауыш сынып және ұлттық мектепте орыс тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. 2004 жылы Семей университетін қазақ тілі және әдебиет мұғалімі мамандығы бойынша, 2012 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады, 2020 жылы Шәкәрім атындағы университетінің техника және технологиялар бакалавры дәрежесі, құрылыс материалдарын, бұйымдардан және құрастырылымдарын өндіру мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын білім саласының қызметкері ретінде бастап, кейін мемлекеттік органдарда біраз жыл еңбек етті.
2024 жылдың желтоқсан айынан Абай облысы Бесқарағай ауданының әкімі болып қызмет атқарды.

















