Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей тұрғындарын жеке қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады. Қабылдауға Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев, облыстық басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалының және «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдауда тұрғындар тарапынан әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, көпбалалы аналардың баспанаға қол жеткізуі, «Отбасы банкіде» тұрғын үй кезегінің баяу жылжуы, көпбалалы отбасыларға бөлінетін тұрғын үй санын арттыру жөнінде сауалдар қойды. Сонымен қатар қоғамдық көлік қызметі мен жол сапасына қатысты мәселелер де қозғалды.
Ашық форматта өткен қабылдауда облыс әкімі 50-ге жуық тұрғынның сұрағына жауап берді. Аймақ басшысы көпбалалы отбасыларды қолдау мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Облыс әкімі тұрғындармен кездесуде әлеуметтік көмек, тұрғын үймен қамту, жұмыспен қамту және бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің барлығы жіті бақылауда екенін айтты.
Мен сіздермен бұған дейін де бірнеше рет кездесіп, түрлі форматта қабылдаулар өткіздім. Менің орынбасарларым да тұрғындарды тұрақты түрде қабылдап, әрбір өтінішті жеке қарайды. «Отбасы банкінің» жұмысына қатысты арыз-шағымдардың бар екенін жақсы білеміз. Бұл – біз үшін де өзекті мәселе. Қазір банк және жауапты мекемелермен бірлесіп, туындаған түйткілдерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Әрбір жағдай жеке талданып, жұмыс жалғаса береді, – деді Берік Уәли.
Қабылдау барысында «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалы мен «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері тұрғындарға баспана беру тәртібін заң аясында түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламалар мен қолданыстағы жеңілдіктер туралы толық ақпарат берді.
Сонымен қатар, облыс әкімі өңірде ауылдық жерлерге көшуді көздейтін азаматтарға арналған кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын атап өтті. Бағдарлама аясында кәсіп ашуға, мал шаруашылығын дамытуға «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жоспарланған.

















