Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Кеңесте ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларының басшылары баяндама жасады. 2024–2025 жылдары агроөнеркәсіп саласындағы ірі инвестициялық жобаларға 11 млрд теңге бөлініп, бірқатар жобалар қаржыландырылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында шаруаларға жеңілдетілген несиелер беріліп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, егіс және орақ науқандарына арналған арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Аймақта қой шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, 2026–2030 жылдарға арналған салалық бағдарлама әзірленуде. Облыс әкімі аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды, техника паркін жаңартуды және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануды тапсырды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Азық-түлік тізбесі кеңейтіліп, сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы қадағалануда. Қазіргі таңда өңірде 12 әлеуметтік павильон жұмыс істейді, алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарлануда.
Аймақ басшысы баға мониторингін күшейтуді, тұрақтандыру қоры өнімдерін нарыққа белсенді шығаруды және заңбұзушылықтарға жол бермеуді тапсырды.

















