Семей қаласындағы «Силикат» ЖШС ұжымы облыс әкімі Берік Уәлидің үндеуін алғашқылардың бірі болып қолдап, тазалық акциясына белсенді түрде қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Бүгін өңір басшысы тұрғындарға арнаған бейнеүндеуінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпыөңірлік сенбіліктердің жалғасатынын мәлімдеген болатын. Ол тазалықты сақтау бір реттік шара емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Осы үндеуден кейін кәсіпорын қызметкерлері сенбілікке шығып, зауыт аумағын тазалап, қоқыс шығару жұмысын жүргізді.
Бүгін Берік Уәлиұлының бейнеүндеуінен кейін «Силикат» ЖШС ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысып, өз жауапкершілігімізді сезініп, ортақ іске үн қосып жатқан жайымыз бар. Бұл акция бір күндік емес, жылда жалғасын тапқан үлкен жобаға айналды деп білеміз. «Таза Қазақстан» аясында біз қоқыс шығарып, көше тазалаумен ғана шектелмей, көшет егу, ағаштарды зарарсыздандыру сияқты тағы да басқа жұмыстар істейміз. Біздің кәсіпорын өңірдегі барлық кәсіпкерлерді, бизнес өкілдерін, жалпы тұрғындарды игі іске жұмылуға шақырады, — деді «Силикат» ЖШС бас директорының орынбасары Қуаныш Қасен.
Айта кетейік, мұндай бастамалар өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

















