Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығы мен Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты. Бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Tura18.kz.

Премьер-министрге Алакөл жағалауын заманауи туристік-рекреациялық аймаққа айналдыруға бағытталған кешенді жоспар таныстырылды. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде туризмді дамыту мақсатында 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын айтты. 2025 жылы Алакөл инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңге бөлінген, ал 2026 жылы бұл қаржы 10 млрд теңгеге жетіп, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуге, оның ішінде бейнебақылау мен тұрақты мобильді интернетті қамтамасыз етуге бағытталған.
Туристік аймақты дамыту аясында оның аумағы 300 гектардан 3 мың гектарға дейін ұлғайтылып, өткізу қабілеті тәулігіне 75 мың туристке дейін арттырылады. Сондай-ақ электр желілері, сумен жабдықтау, су бұру және көлік инфрақұрылымын салу жобалары пысықталуда. 2025 жылы облыста туризмді дамыту бойынша жалпы сомасы 8,9 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылды.
Премьер-министр әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды, туризмді дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыруды қоса алғанда, облысты кешенді дамыту маңызды екенін атап өтті. Ел бойынша туристік инфрақұрылымдар қарқынды жаңартылып, келушілерді орналастыру нысандары мен көлік қолжетімділігі жақсартылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 9,1 млн-нан 10,1 млн-ға, шетелдік туристер 1,3 млн-нан 1,4 млн-ға өсті. Келушілерді орналастыру нысандарының кірісі 350,6 млрд теңгені құрап, инвестициялар көлемі 32,6%-ға өсіп, 1,26 трлн теңгеге жетті.
Сонымен қатар Семей қаласында Әкімшілік іскерлік орталығы жобасы жүзеге асырылуда. Аумағы 1 мың гектардан асатын жерге әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылымы дамыған жаңа тұрғын үй ауданы салынады. 2026-2029 жылдары жалпы ауданы 3 млн шаршы метрді құрайтын 75 мың адамға арналған тұрғын үйлер, 17 мектеп пен балабақша, сондай-ақ 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік нысандар бой көтереді.
Олжас Бектенов қала құрылысына қатысты шешімдердің сапасын бақылауды, облыс әкімдігі тарапынан кешенді жоспарды тиімді үйлестіруді тапсырды.

















