2026 жылдың басынан бері Абай облысында демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасы тіркеліп отыр. Жыл басынан бері өңірде 1644 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 867-сі ұл болса, 777-сі қыз бала, деп хабарлайды Tura18.kz.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш — өңірдегі ана мен бала денсаулығына бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Облыстың медицина ұйымдары жүкті әйелдерге жүктіліктің барлық кезеңінде сапалы әрі уақтылы медициналық көмек пен қажетті қолдау көрсетіп келеді.
Кейінгі жылдары Абай облысының денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар оң өзгеріс болды. Атап айтқанда, заманауи медициналық технологиялар енгізіліп, сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар ана мен балаға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау, босану қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

















