Бүгін «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Абай облысына келіп, Степной кентінде орналасқан үшінші жылу электр орталығының (ЖЭО-3) құрылыс алаңын тексерді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Жаңа ЖЭО құрылысы жобасы аясында былтыр қазанда ҚР Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Семей Энерго» ЖШС арасында келісімшартқа қол қойылған. Қазір жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, биыл қаңтарда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау және құрылыс жұмыстарын орындау бойынша EPC-келісімшарт жасалды.
Мамандардың айтуынша, жобаға сәйкес ЖЭО-3-тің белгіленген электр қуаты 405 МВт, ал жылу қуаты — 1000 Гкал/сағ болады. Негізгі отын ретінде «Қаражыра» кен орнының көмірі пайдаланылмақ. Станция құрамына әрқайсының өнімділігі сағатына 650 тонна болатын төрт бу қазандығы және қуаты 135 МВт болатын үш турбогенератор кіреді. Нысанның жалпы аумағы — 190 гектар.
Құрылыс жұмысы биыл сәуірде басталды. Нысанды 2029 жылы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған.
Жобамен танысқаннан кейін Нұрлан Жақыпов алаңда «Самұрық-Энерго», «Семей Энерго» ЖШС басшылығымен және мердігерлермен кездесіп, нысанның стратегиялық маңызын атап өтті.
Жаңа жылу электр орталығы өңірдегі экологиялық жағдайға оң әсер етеді. Жобада «таза көмір» технологиясы мен заманауи газ тазарту жүйелері қолданылмақ, бұл қаладағы көмірмен жұмыс істейтін энергия көздерімен салыстырғанда шығарындыларды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Нысанды 2029 жылы іске қосу жоспарланған және ол белгіленген мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Жұмыстарды жеделдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет, — деді «Самұрық-Қазына» басшысы.
Айта кетейік, қазір Семейдің сол жағалауында екі, ал оң жағалауында 18 жылыту нысаны жұмыс істейді.

















