Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалық етуімен өткен жиында өңірдегі «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Облыстық табиғи ресурстар басқармасының мәліметінше, биылғы санитарлық-экологиялық екі айлық аясында 29 мыңнан астам тұрғын, 2 мыңнан аса ұйым және 461 техника тазалық жұмысына жұмылдырылған. Нәтижесінде 12 мыңнан астам аула, 97 саябақ пен сквер, 57 ескерткіш аумағы тазартылып, 2,8 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар өңірде 67 мың ағаш отырғызу жоспарланған, 240 гектар аумақта жол бойындағы орман жолақтарын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Санитарлық талаптарды бұзу фактілері бойынша 4 мыңнан астам хаттама толтырылып, 9,1 млн теңге айыппұл салынған.
Облыс әкімі тазалық жұмысын жүйелі жүргізуді, сенбіліктерге барлық мекемелер мен тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Былтыр «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыру барысында бірқатар кемшілік болды. Атап айтқанда, қоқысты уақтылы шығару мәселесі туныдады. Мұндай жағдайлар биыл қайталанбауға тиіс. Сонымен қатар сенбіліктерді ұйымдастыру кезінде барлық деңгейдегі басшылардың міндетті түрде қатысуын қамтамасыз ету керек. Кейбір кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандардың ұжымы сенбілікке белсенді қатыспай отырғанына назар аудару керек. Осыған орай, тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмысын жүргізіп, әр азаматтың өз ауласының тазалығына жауапкершілікпен қарауын және сенбілікке белсенді қатысуын қамтамасыз ету маңызды, – деді Берік Уәли.














