Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Семей қаласының инфрақұрылымын жаңғырту және инвестициялық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Қала әкімі Әділет Қожанбаев өңірді дамытудың кешенді жоспары мен алдағы жобалар жайында баяндама жасады, деп хабарлайды Tura18.kz.
ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ЖҰМЫС ОРНЫ
Мемлекет басшысының өңірлерді теңгерімді дамыту саясатын жүзеге асыру мақсатында Семейде бірқатар ауқымды бастамалар қолға алынды. Қала экономикасына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар нәтижелі болмақ:
-
Биылғы жоспар: Жалпы құны 68,9 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 2 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
-
Стратегиялық жобалар: 2030 жылға дейін жалпы құны 112,8 млрд теңге болатын 17 ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ҚАЛА КЕЛБЕТІ
Семейдің сәулетін жақсарту және жол сапасын көтеру – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Қазіргі таңда «Жарқын келешек» бастамасы аясында тұрғын кварталдарды реновациялау, Қарағайлы шағын ауданында жаңа тұрғын үйлер салу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Жол-көлік жүйесі бойынша:
-
Қаладағы 1 179 көшенің жол жағдайын жақсарту мақсатында, былтыр асфальтталған жолдардың үлесі 50 пайызға жетті.
-
Биыл 100 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
-
Абаттандыру жұмыстары аясында биыл 100 аула аумағы толық ретке келтіріліп, асфальт төселеді.
Сонымен қатар, қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда – жыл соңына дейін жаңа автобустар сатып алынады. Алдағы уақытта Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту, жаңа жол айрықтары мен өткелдерін салу жоспарланған.
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР
Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін биыл 8 мың түп ағаш отырғызылады. Саябақтар мен жағалауларды абаттандыру ісі жандана түспек. Ерекше назар орталық алаңды толық жаңғырту жұмыстарына аударылмақ. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасады.
«СЕМЕЙ – ТҰҒЫШТАР МЕКЕНІ»
Аймақ басшысы Берік Уәли қала әкіміне мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және қала тазалығын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Семей – тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы, қойнауы құтты, тарихы тағылымды өлке. Кезінде Алаш арыстарының алтын бесігі, тарихы терең талайлы тағдырды бастан кешкен киелі шаһардың қазіргі таңда инфрақұрылымының ескіріп, тозып тұрғаны жасырын емес. Бүгін біз осы қасиетті мекеннің бет-бейнесін өзгертіп, заман талабына сай дамыту мәселесін пысықтадық. Семей облыс орталығы болғаннан кейін үнемі назарымызда болады, — деді Берік Уәли.
Облыс әкімі қаланы дамытуға биыл айрықша мән берілетінін атап өтіп, тазалық жұмыстарын барынша жандандыру қажеттігін ескертті.














