«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен республикалық телекөпір өтті. Іс-шараға Абай облысы да бейнережим арқылы қосылып, Семей қаласының Қарағайлы ықшамауданындағы Республика алаңында ауқымды жиын ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, мәслихат депутаттары, білім, медицина және спорт саласының қызметкерлері, студенттер мен еріктілер қатысып, жалпы саны 5 мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Телекөпірден кейін сөз алған облыс әкімі Берік Уәли «Таза Қазақстан» бастамасының мәні мен маңызына тоқталып, бұл тек бір реттік акция емес, қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев телекөпір барысында “Таза Қазақстан” бастамасының терең мәнін атап өтіп, барша азаматтарды белсенді қатысуға шақырды. Бұл бағдарлама бір реттік шара емес, жыл бойы жалғасатын тұрақты дәстүрге айналуы тиіс. Облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы жалпыөңірлік сенбілікке 349 мыңнан астам тұрғын қатысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. 70 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 191 рұқсатсыз қоқыс орны жойылды, – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Облыста 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 44 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. 2026 жылға арналған жоспарға 32 іс-шара енгізілген.
Сана тазармай, қала тазармайды. Қоғамдық орындардың тазалығы – әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Тазалықты сақтау – тек тәртіп емес, ол ішкі құндылық. Әрқайсымыз туған өлкенің көркеюіне үлес қосуымыз қажет, – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, 3 сәуір мен 31 мамыр аралығында өңірде санитарлық-экологиялық екі айлық жүргізілуде. Осы кезеңде 29 643 тұрғын, 2 040 ұйым және 461 техника жұмылдырылып, 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер, 57 ескерткіш аумағы тазартылды. Полигондарға 2 897 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сонымен қатар, биыл 67 мың ағаш отырғызу жоспарланған. 240 гектар аумақта автомобиль жолдары бойында қорғаныш орман белдеулері отырғызылып жатыр.
Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды бұзғаны үшін 4 171 әкімшілік хаттама толтырылып, 9,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.














