18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Музей түні: Өнер. Ой. Еркіндік.» атты мәдени-танымдық шара өтті, деп хабарлайды Tura18.kz.

Кеш барысында келушілерге әртүрлі форматтағы интерактивті бағдарламалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Жасырылған жәдігер» танымдық ойыны, квест, поэтикалық батл, суретшілер алаңы мен балаларға арналған арнайы аймақ ұйымдастырылды. Сонымен қатар музей жәдігерлерін жасанды интеллект арқылы тамашалау мүмкіндігі де көпшілік қызығушылығын тудырды.
Шараның басты ерекшелігі — әр жастағы көрерменге арналған мазмұнды бағдарламалардың қамтылуы болды.
Бүгін музей түні аясында келушілердің әр жас ерекшелігіне сай қызықты шаралар ұйымдастыруға тырыстық. Жастарға арналған квест ойындары, шығармашыл ақындардың қатысуымен поэтикалық батл, балалар алаңы жұмыс істеді. Сонымен қатар, суретшілер өз туындыларын ұсынып жатыр. Жалпы, көрермендердің көңілінен шығады деп ойлаймыз, — деді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.
Рухани кешке жиналған тұрғындар мен қала қонақтары тарих пен өнер тоғысқан ерекше атмосфераны сезініп, музей кеңістігін жаңа форматта тамашалауға мүмкіндік алды.














