Адам өмірін сусыз елестету мүмкін емес. Бірақ күн сайын ішіп жүрген судың қаншалықты қауіпсіз екенін бәрі бірдей ойлай бермейді. Оның құрамында көзге көрінбейтін микроорганизмдер немесе адам денсаулығына зиян химиялық заттар болуы ықтимал. Сондықтан ауызсудың сапасы тек тұрмыстық емес, ең алдымен санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселесі.
Санитариялық және гигиеналық талаптарға сәйкес ауызсу бірнеше негізгі көрсеткіш бойынша қауіпсіз болуға тиіс. Біріншісі – эпидемиялық қауіпсіздік. Яғни суда жұқпалы ауру тудыратын патогендік бактериялар, вирустар, паразиттер және олардың жұмыртқалары болмауы керек. Сапасыз немесе ластанған су ішек инфекциялары, гепатит, дизентерия сияқты аурулардың таралу қаупін арттырады.
Екіншісі – радиологиялық қауіпсіздік. Ауызсудың құрамында адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін радиоактивті элементтер мен олардың қосылыстары қауіпті концентрацияда болмауға тиіс. Радиоактивті заттардың ағзада ұзақ уақыт бойы жиналуы ауыр созылмалы аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін.
Үшіншісі – химиялық қауіпсіздік. Судағы улы, канцерогенді және басқа да зиянды химиялық заттардың мөлшері рұқсат етілген шекті концентрациядан аспауы қажет. Химиялық заттардың шамадан тыс мөлшері адам ағзасына кері әсер етіп, бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысына зиян келтіруі, сондай-ақ аллергиялық және онкологиялық аурулардың туындауына себеп болуы мүмкін.
СУДЫҢ ТҮСІ МЕН ИІСІ ДЕ МАҢЫЗДЫ
Ауызсудың сапасы тек оның химиялық құрамымен анықталмайды. Оның органолептикалық қасиеттері, яғни сыртқы түрі, иісі мен дәмі де ескеріледі. Қауіпсіз ауызсу мөлдір, түссіз, бөгде иіс пен дәмсіз болуы керек. Яғни судың табиғи қасиеттері оның күнделікті тұтынуға жарамдылығын бағалауда маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.
Қазақстанда ауызсумен жабдықтау саласы бірқатар нормативтік-құқықтық акті арқылы реттеледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 ақпандағы №26 бұйрығы су көздеріне, су жинау орындарына және шаруашылық-ауызсумен жабдықтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
Ал 2022 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-138 бұйрықта ауызсу мен мәдени-тұрмыстық су пайдалану қауіпсіздігінің гигиеналық нормативтері нақты көрсетілген. Орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау жүйелерінде пайдаланылатын материалдар, реагенттер мен жабдықтар да бақылаудан тыс қалмайды. Олар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс. Бұл талап Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы №299 шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай талаптардың барлығының негізгі мақсаты – ауызсудың сапасын сақтау және халық денсаулығын қорғау.
ТҰТЫНУШЫҒА ЖЕТКЕНШЕ БІРНЕШЕ КЕЗЕҢНЕН ӨТЕДІ
Ауызсу сапасын мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау су бөлу нүктелерінде жүргізіледі. Бақылау су тарату желісіне су түскенге дейін де, оны тұтынушыға беру процесі барысында да жүзеге асырылады. Мамандар судың сапасын жүйелі түрде зертханалық тексеруден өткізіп, оның белгіленген нормативтік талаптарға сәйкестігін бақылайды. Яғни ауызсудың қауіпсіздігі тек су көзінің жағдайына ғана байланысты емес. Оның тұтынушыға дейінгі жолы да маңызды.
Ауызсу – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі ғана емес, халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды табиғи ресурс. Сондықтан қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Ал әрбір азамат суды ұқыпты пайдаланып, оның тазалығын сақтауға өз үлесін қоса алады.
Өйткені ауызсудың сапасы – халық денсаулығының, ел болашағының және тұрақты дамудың маңызды кепілі.
Раушан Фатхуллина,
Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары














