Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спортқа тарту – тек салауатты өмір салтын насихаттау емес, сонымен бірге әлеуметтік орта қалыптастырудың бір жолы. Футбол алаңы бұл тұрғыда жастардың басын қосып қана қоймай, командалық жұмысқа, тәртіпке және өзара жауапкершілікке үйрететін ортаға айналып отыр. Семейде өткен ABAY JASTAR FYTBOL LIGASY – 2026 чемпионаты да осы бағыттағы бастамалардың бірі болды, деп хабарлайды Tura18.kz сайты.
Бірнеше айға созылған бәсекеде қала жастары екі лигаға бөлініп күш сынасты. Турнир барысында командалар тек алаңдағы шеберлігін емес, тактикалық дайындығы мен ұйымшылдығын да көрсетті. Жарыс қорытындысында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы жүлде қоры табысталды.
Супер лигада бірінші орынды «BarQy» командасы иеленді. Екінші орын «Барыс Жалюзи» командасына бұйырса, үшінші орын «Достар» командасына берілді.
Жеке номинацияларда «Достар» сапындағы Арман Сеитов «Үздік қақпашы» атанды. «Барыс Жалюзи» командасының ойыншысы Шерхани Амангельдинов «Үздік қорғаушы» деп танылды. «BarQy» командасынан Айдын Аманжол «Үздік шабуылшы» атанса, осы команданың тағы бір ойыншысы Роман Будниченко чемпионаттың «Үздік ойыншысы» атанды.
Жоғарғы лигада «Спартак» командасы топ жарды. Екінші орынға «ЦСКА», үшінші орынға «МЧС» жайғасты.
Бұл лигада «Үздік қақпашы» атағы Мирас Жандарбекұлына, «Үздік қорғаушы» атағы Бақытжан Нұрғожинға берілді. Әділет Мейрамғалиұлы «Үздік шабуылшы», Думан Акрамов «Үздік ойыншы» атанды.
Мұндай жарыстардың мәні жүлде мен жеңістен ғана тұрмайды. Жастар үшін спорт – жаңа орта табудың, құрдастарымен араласудың, өз қабілетін сынаудың және ортақ мақсатқа жетудің мүмкіндігі. Ал қалада жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік беретін тұрақты спорттық алаңдардың болуы маңызды.
ABAY JASTAR FYTBOL LIGASY осы тұрғыдан алғанда футболдан жарыс өткізумен шектелмей, жастар арасында салауатты бәсекелестік пен командалық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін алаңға айналды десек артық айтқандық емес. Ал мұндай ортада жеңіс те, жеңіліс те жас спортшыға тәжірибе болатыны сөзсіз.














