Көкпекті ауданының Тассай ауылында 2005 жылғы мектеп түлектері «Туған жерге туыңды тік» деген ұранмен игілікті іс—шаралар өткізді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Түлектер алдымен ауылға кірес беріске «Туған жерге туыңды тік» деген жазуы бар еңселі қақпа орнатты. Бұдан кейін балалар мен ересектер арасында жаяу жарыс ұйымдастырды. Ауыл жастарынан жасақталған командалар волейболдан сайысқа түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Соңынан ас беріліп, марқұмдарға құран қатым бағышталды.
Мектеп бітірген түлектердің туған жеріне келіп осылай тағзым етуі жақсы дәстүрге айналды. Ауыл жұрты бір серпіліп қалды. Мәдени-спорттық шаралардан бөлек ауылдың игілігі үшін арка тұрғызылып, абаттандыру жұмысын жүргізу өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Кейінгі буын туған елге, жерег қалай қызмет ету керектігін алдыңғы толқын аға-апайларынан үйренеді, – деп ағынан жарылған тассайлық тұрғындар түлектер ұйымдастырған іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілгенін айтты.
Тұғыры биік Тассайдың ұлағатты ұл-қыздарының игілікті істері бұдан кейін де жалғасын таба бермек.
Әмір Бек

















