Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде 18 азаматтың жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту өтініштері заңсыз кері қайтарылғаны анықталды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Департаменттің мәлімдеуінше, қызмет беруші тарап заңда қарастырылмаған құжаттарды талап еткен. Мысалы, кейбір жағдайларда жер тек ғимаратқа қызмет көрсету үшін жалға берілген болса да, құрылысқа рұқсат пен эскиздік жоба сұратылған. Бұл талаптар заңсыз деп танылып, өтініштерді негізсіз қабылдамауға себеп болған.
Тексеру нәтижесінде азаматтардың құқықтары қорғалып, жалға алу мерзімдері заңды түрде ұзартылды. Департамент мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңдылықты сақтау мен азаматтардың мүддесін қорғау жұмысын жалғастыратынын хабарлады.
Құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, азаматтар агенттіктің Абай облысы бойынша департаментіне (Семей қаласы, Аймауытов көшесі, 143А) немесе «EgovKzBot2.0» телеграм боты мен «E-Otinish» платформасы арқылы жүгіне алады.

















