Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында білім беру нысандарының құрылысы, жолдарды жөндеу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері қаралды. Жиынға басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Биыл облыста екі жаңа мектеп пайдалануға берілді: Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп ашылды. Водный кентіндегі 600 орындық мектеп пен Аягөздегі 600 орындық мектеп жаңа оқу жылында ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Шығыс кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды, ал өңірде 6 мектепке қосымша ғимараттар салу көзделіп отыр.
Биыл мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2,9 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 1,1 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қарастырылған. 12 мектепке күрделі, 85 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Алайда, жұмыстардың кешігіп жатқаны айтылды.
Аймақ басшысы құрылыс және білім басқармаларының ұсыныстарын жеткіліксіз деп бағалап, жоспарлауда жүйелілік пен нақты талдаудың жоқтығын сынға алды.
Апатты мектептерді шешу бірінші кезектегі міндет, ал құрылыс жұмыстары қаржымен негізделуге тиіс, – деді Берік Уәли.
Ол облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновке мектеп құрылысын бақылауды күшейтуді, ал Білім басқармасына жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, нысандар маңындағы бейберекет қоқыс үйінділерін жою және құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға шығару жөнінде талап қойылды. Бұл талап орындалмаған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді.

















