Абай облысының әкімі Берік Уәли Маңғыстау өңірінен келген делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қонақтар қатарында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, әкім орынбасары Тілеген Әбішев, қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов және мемлекеттік қызмет ардагері Даржок Сейбағытов болды.
Кездесу Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында өтті. Бұл жоба бойынша әр облыс Абай еліне бір нысаннан тарту етеді. Маңғыстау өңірі алғашқы болып қолдау білдіріп, Семейде Достық үйін салуды ұсынды.
Берік Уәли игі бастаманы құптап, алғыс білдірді. Ол Маңғыстау мен Абай облыстарының географиялық алшақтығына қарамастан, ортақ ниетпен бірігіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, акцияға еліміздің басқа өңірлері де белсенді қатысып жатқанын жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімдігі акцияға қолдау білдіріп, облыс орталығы Семейде Достық үйін салып беру үшін арнайы делегация жіберіп отыр. Өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесу еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Маңғыстау мен Абай облысы батыс пен шығыс шекарада жатқан шалғай аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін көрсетті. Маңғыстау халқына, Мемлекет басшысының бастамасын алғашқы болып қолдаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлына айрықша алғыс айтамыз,- деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы «Абайға құрмет» акциясын еліміздің барлық өңірлері қызу қолдап жатқанын, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Шымкент, Алматы, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кеткенін айтты.
Өз кезегінде Ербол Ізбергенов бұл бастаманың халық үшін пайдалы екенін айтып, табыс тіледі.
Көршісі шаруа бастап жатса, қасынан құр өтіп кетпейтін қазақпыз ғой. Әр облыстың тарту жасауы өте дұрыс қабылданған шешім деп есептейміз. Өйткені бұл нысандар халықтың игілігіне жұмыс істейтін болады. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, — деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов.
Кездесуден кейін делегация «Semey Smart City» жобасы аясында салынатын жаңа ықшам ауданның құрылыс алаңына барды. Аймақ басшысы бұл жобаның ерекшеліктерін таныстырып, жаңа аудан Семейдің болашақ келбетіне айналатынын айтты. Бұл ауданда көптеген әлеуметтік, әкімшілік және мәдени нысандар бой көтермек.

















