Семейде көрнекті жазушы, драматург, қоғам қайраткері Медеу Сәрсекенің құрметіне арналған ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Tura18.kz порталы Абай ақпаратқа сілтеме жасап.
Айтулы шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, қаламгердің туыстары қатысты.
Медеу аға – елге адал қызмет еткен ардақты азамат. Ол академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын көркем тілмен өрнектеп, бүкіл әлемге танытқан қаламгер. Жазушының «Планета Сатпаева» атты еңбегі Қаныш Имантайұлының есімін шетелдерге танытты. Бұл – бір адамның емес, бүкіл ұлттың мерейі. Бүгін ашылып отырған ескерткіш тақта – ел құрметінің, халық алғысының белгісі. Бұл шаңырақта жазушының талай туындылары дүниеге келген, — деді салтанатты жиында сөз сөйлеген Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков.
Медеу Сапаұлы Сәрсеке – Абыралы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері. Ол шығармашылық ғұмырында әдебиет пен ғылымды, өндіріс пен тарихи тұлғаларды зерттеуді, көркем туынды жасауды өмірлік мұраты етіп, елге адал еңбек етті. «Абай әлемі» кітаптар топтамасының жарық көруіне бастамашы болды, қазақ әдебиетірің дамуына зор үлес қосты.
Сонымен қатар драматургия саласында да еселі еңбек етіп, ел ықыласына бөленді. Оның пьесалары еліміздің түрлі театр сахналарында қойылып, көрерменнің оң бағасын алған.

















