Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдегі жылу желілерінің жаңғыртылу барысын бақылауға алды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Аймақ басшысы алдымен Жамақаев көшесіндегі жылу құбырын қайта жаңарту жұмысымен танысты. Аталған нысанда ұзындығы 1,8 шақырым болатын ескі жылу магистралін толық ауыстыру жоспарланған. 1988 жылдан бері жөндеу көрмеген желілер жаңартылып, құбыр диаметрі 530 мм-ден 630 мм-ге дейін ұлғайтылады. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін қаланың жылу жүйелерінің тозуы 1,4%-ға төмендейді.
Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Қазір құрылыс жұмыстарының 77 пайызы аяқталған. Былтыр 1,05 шақырым (58%) желі төселсе, 2025 жылдың басынан бері 400 метр құбыр тартылған. Мердігер компаниялар жұмысты жоспарланған мерзімнен ертерек аяқтап, әрі қарай абаттандыру шараларын бастауға әзір екендерін жеткізді.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына баса мән беруді және мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Бұрын орнатылған ойын алаңдарына зиян келтірмей, жылу құбырларын олардан айналып өткізу өте дұрыс шешім болды. Бұл желілер 35 жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген. Сондықтан оларды жылу беру маусымына дейін толық іске қосу қажет, — деді Берік Уәли.
Айта кетейік, қазір Семейде 19 жылу қазандығы мен бір жылу электр орталығы жұмыс істейді. Биыл жылу инфрақұрылымын жаңарту бағытында алты жоба жүзеге асырылып жатыр.

















