Cемейдегі әскери госпитальде жөндеу жұмыстары жалғасады. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қаладағы нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысу кезінде мәлім болды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, екі қабатты әскери госпиталь ғимараты 75 төсек орынға арналған. Мұнда рентген, компьютерлік томография, флюрография кабинеттері бар.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей, Павлодар қалалары және Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінің әскери гарнизондарына медициналық қызмет көрсететін мекемеде былтыр желтоқсанда күрделі жөндеу басталған. Қазір демонтаж жұмыстары толық жүргізілген, алайда қаржылық қиындықтарға байланысты сыртқы жөндеу, электр желілерін тарту, жылыту және желдету жүйелерін орнату, ішкі әрлеу жұмыстары тоқтап тұр. Нысанды толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет.
Аймақ басшысы бұл мәселенің шешім табатынын жеткізіп, облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінгенін айтты.
Әскери госпиталь 1995 жылы пайдалануға берілген. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген екен. Құрылыс жұмыстары басталып, тоқтап қалған екен. Облыстық бюджетті соңғы нақтылауда қосымша 540 миллион теңге қаржы бөлдік. Құрылысты толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қаржы сұраған болатынбыз. Мұны Парламент Мәжілісінің комитет төрағалары Нұртай Сабильянов пен Айгүл Құспан да қолдап отыр, — деді облыс әкімі.
Әмір Бек

















