Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдығына орай халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов және Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев мәлімдеді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, мерекелік бағдарлама 1 тамызда «ABAY ACADEMIYASY» атты энциклопедиялық онлайн платформаның тұсаукесерімен ашылады. Бұл портал Абай мұрасын цифрлық жүйеге енгізуге, ғылыми қауымдастық пен жұртшылыққа қолжетімді етуге бағытталған. Сондай-ақ дәл сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтеді. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі мен «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады.
2–6 тамыз аралығында халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерттері өтеді. Шаралар Семейде басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей өңірлерінде жалғасады.
3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» атты рухани кеш ұйымдастырылып, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен оркестрдің қорытынды концерті өтпек. Ал 5 тамызда көрермен назарына «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы ұсынылады. 6 тамызда Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» атты үлкен концерт және жас ақындар арасында «Өлең сөздің патшасы» мүшәйрасы өтеді.
7–9 тамыз күндері ақын мұрасын ғылыми әрі мәдени тұрғыда насихаттайтын маңызды шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, жазушы Асқар Алтайдың шығармашылық кеші, «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайұлының кітабының тұсаукесері, «Адамзаттың Абайы» республикалық айтысы, «Жеті қазына» байқауы, халықаралық конференциялар, кітап көрмелері және ақындар фестивалі өтеді.
10 тамыз – Абай күні. Бұл күні Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі өткізіледі. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылады.

















