Абай облысында ұзақ жылдар бойы жаңғыртылмаған Алакөл жағалауы биыл кешенді түрде жөнделіп жатыр. Инфрақұрылымды толық жаңартуға облыстық бюджеттен 958 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Tura18.kz.
Көктемде 658 млн теңге Арбат алаңын жөндеуге, жаңа қоғамдық кеңістік жасауға және жағалауды абаттандыруға бағытталды. Жағажайда 25 киім ауыстыратын кабина, 50 қоқыс контейнері, 2 биодәретхана, 10 санитарлық торап (маусым соңына дейін 18-ге дейін жеткізіледі), сондай-ақ 7 пирстің үшеуі орнатылды. Бұған қоса, жарықтандыру жүйесі тартылып, құтқару мұнаралары қойылды.
Қосымша 300 млн теңге қарастырылды:
141,6 млн теңгеге Кабанбай ауылында өрт сөндіру депосы,
57,7 млн теңгеге жағалауда құтқару станциясы салынады.
100 млн теңге туристік аумақтың бас жоспарын әзірлеуге жұмсалады.
Берік Уәли жыл басынан бері бірнеше рет Алакөлге барып, инфрақұрылымның жағдайын өз көзімен көріп шықты. Оның айтуынша, туристердің шағымдары негізсіз емес, ал көлді Түркия мен Мысыр жағалауларымен теңестіру – басты мақсат.

















